Untitled Document

Күннің тарихы... Андалусия

«Андалусия» сөзі Испания териториясында V ғасырда өмір сүрген «вандалдар» атауынан негіз алады. Мұсылмандар Андалусия жеріне аяқ баспай тұрып ол жерде вестготтар патшалығы билікте болатын. VIII ғасырдың бастарында мұсылмандар бүкіл солтүстік Африканы өз биліктеріне алып, ендігі ойлары теңізді асып ары қарай Еуропаға жылжу еді. Осы мақсатта 710 жылы Умәуи халифатының Солтүстік Африкадағы уәлиі Мұса бин Нұсайр халифа Уалид бин Абдулмәликтың рұқсатын алып, Испанияға білікті қолбасшы Тариқ бин Зиядты 500 әскермен әуелі барлауға жібереді. Тариқ Пиреней түбегін мұқият барлап, мағлұмат жинап қайтады. Қайта оралған кезде уәли Мұса бин Нұсайрге Испанияға кіруге ыңғайлы уақыт екенін жеткізеді. Себебі ол кезде вестготтар өз араларында таққа таласып жатқандықтан әскери қуаттары әлсіреген болатын. Осы жағдайды пайдалануды жөн санаған уәли Мұса бин Нұсайр Тариқ бин Зиядты 12000 мың әскермен Испанияны жаулап алу үшін жібереді. Тариқ әскерлерінің Түбекке не мақсатта келгенін жау білмеуі үшін жауынгерлерін кемемен бөліп-бөліп, саудагерлер кейпінде түбекке өткізеді. Қолбасшы Тариқ бин Зияд кейін өзінің атымен аталып кеткен Жабал ат-Тариқ («Тариқтың тауы») тауына барлық әскерін жинап сол жерге штабын құрады. Тариқ жорығын әуелі кішігірім қалаларды жаулаумен бастап, бірнеше күннен кейін Андалусияның тағдырын шешкен Рио Барбате жағалауында вестготтар патшасы Родригез әскерімен кездеседі. 30000 әскермен вестготтар сан жағынан 12 мыңдық мұсылман әскерінен едәуір көп болғанымен мұсылман күші 3 күн тоқтамай жалғасқан шайқаста жау әскерін айқын басымдылықпен жеңеді. Тариқ бин Зияд Родригезтің негізгі күшін жойғаннан кейін, ары қарай айтарлықтай қарсылық кездестірмей солтүстікке тура жылжиды. Көп өтпей вестготтардың астанасы Толедомен қоса басқа да ірі қалаларының бәрін басып алып, Андалусияға Ислам билігін орнатады. Осылайша Испанияда мұсылмандардың дәуірі басталады.