Untitled Document

Сұхбат... Аллаһу та'ала жайылған қолды бос қайтармайды

Дұға ету – өзі жеке ғибадатқа жатады, сауап беріледі. Хадис шәрифте «Аллаһу та'ала кәрім (жомарт), өзіне жайылған қолды бос қайтарғысы келмейді» делінген.

Тағы бір риуаят бойынша, жасалған дұғаларға марапат ретінде үш нәрсенің бірі беріледі: 1) Дереу қабыл болады, дәл сұрағанындай беріледі. 2) Кейінге қалдырылады, кейінірек беріледі. Сұраған нәрсе оған сол сәтте пайдалы болмауы мүмкін. Қант диабеті ауруының тәтті жегені сияқты. 3) Дүниеде мүлдем берілмейді, бірақ ахиретте мұның есесі оған сауап күйінде беріледі де, оған: «Сен дүниеде дұға еткен едің, қабыл болмаған еді, мына сауаптар соның марапаты»,- делінеді. Мұны естіген сахабалар (алейһимурридуан): «Олай болса, онда біз көбірек дұға етеміз»,- десті. Сүйікті пайғамбарымыз (алейһиссалам) жауап ретінде: «Ол да сендерге көбірек береді»,- деді.

Дұға еткенде көп қайталап, жалбарынып дұға етіп, мұқтаж және әлсіз екенімізді ойлауымыз керек.

Бейқам, аман-сау кездері дұға етсек, бұл қиналған және науқастанған кездегі дұғамыздың қабыл болуына себепші болады.

Дұға етуді бастамай тұрып, алдымен тәубе етуіміз керек. Біліп немесе білмей жүздеген күнәлар істеп жүрміз. Тәубенің шарттары орындалса, мүлдем күнә істемегендей боламыз.

Дұғаны Раббымызға мадақтау айтып, салауат оқып бастау қажет, соңында да тағы салауат оқу керек. Салауат – қабыл болған дұға. Раббымыз періштелері арқылы сүйікті пайғамбарымызға салауатты жеткізеді.

Дұға еткенде әрдайым «қайырлы болғанын» сұраған жөн. Ненің қайырлы, ненің қайырсыз екенін біз біле алмаймыз, бірақ Раббымыз біледі.