Ғибрат... Ағаштың куәлігі
Бір кісі қажылыққа барарында бір досына мың алтын ақшасын аманат етіп қалдырады. Қажылықтан қайтып келгенінде ақшасын беруін сұрайды. Досы «сен маған ешқандай ақша қалдырмадың» деп мойындамайды. Әлгі кісі кейін Қазы Ияд хазреттеріне шағымданып барады. Қазы Ияд екеуін де сотқа шақырады. Досы бұрынғысынша ақша алғанын мойындамайды. Қазы шағымданушыға: «Ақшаңды мына адамға бергендігіңді көрген куәгерің бар ма?» дейді. Қажы «Бір ағаштың астында берген едім, басқа ешқандай куәгерім жоқ» дейді. Қазы Ияд: «Жарайды, сен барып, әлгі ағаштан бір бұтағын алып кел. Кім біледі, бәлкім саған куәлік етер» дейді. Әлгі кісі «Тақсыр, ағаш қалай куәлік етеді?» дейді. Қазы «Әкеле бер, содан соң көрерміз» дейді. Қажы ағашқа қарай бет алады. Қазы Ияд хазреттері алдындағы кітабын алып оқып отырады. Біршама уақыт өткен соң Қазы Ияд хазреттері «Қажекең неге сонша кешікті екен?» дейді. Осылай дер демес әлгі кінәлі кісі басын көтеріп «Ол әлі келмейді, ол ағаш ұзақ жерде» дейді. Қазы Ияд хазрет күлімдеп: «Міне көрдің бе, ағаш куәлік етті» дейді.
«Адамның құдыққа түсіп кеткенін көрсеңдер…»
Бір күні атақты хазреті Әбу Дәрда қаланы аралап жүргенде бір топ адамның күнәһар бір адамға ауыр сөздер айтып, қорлап жатқанын көреді. Сосын олардан:
– Сендер бір адамның құдыққа түсіп кеткенін көрсеңдер, оны ол жерден шығарасыңдар ма? – деп сұрады. Олар бір ауыздан:
– Әрине, шығарамыз! – деп жауап берді. Сонда хазреті Әбу Дәрда:
– Олай болса, бауырларыңа ауыр сөз айтпаңдар. Одан да сендерді күнәдан сақтаған Аллаһу та’ алаға мадақ, мақтау айтыңдар! – деді. Сол уақытта жиналған адамдар:
– Сонда сіз мына күнәһарға ашуланбайсыз ба? – деп сұрады.
Сонда хазреті Әбу Дарда:
– Мен оған немесе оның тұлғасына ашуланбаймын, мен тек оның жасаған күнәларына ғана ашуланамын. Күнәсін тәрк еткен кезде ол менің дін бауырым болып қала береді, – деген екен.