Сұхбат... Садақа бәлені қайтарады және өмірді ұзартады
Аллаһу та’аланың разылығын көздеп, Оның разылығы үшін ниет етіп, ақысын талап етпей мұқтаждарға сыйға берілген мал-мүлік, ақша және жасалған әр түрлі жақсылықтар және көмектер, ихсандар – садақа болып табылады. Мұсылман алдымен жанұясын, бала-шағасын халал жолдан қоректендіруі және халал жолдан киіндіруі керек. Сосын артылған ақшасының зекетін беруі керек және содан кейін садақа беруі керек.
Аллаһу та’ала барлық нәрсені белгілі бір себептер арқылы жаратуда. Бір нәрсеге қауышуды қалаған адам сол нәрсенің себебіне қол жеткізу үшін дұға етуі керек. Себебіне қол жеткізгеннен кейін, сол себепке жабысуы, яғни сол себепті орындауы керек. Аллаһу та’ала адамға денсаулық, шипа беру үшін дұға етуді, садақа беруді және дәрі қолдануды себепші қылған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Мал-мүліктеріңді зекет беру арқылы қорғаңдар. Ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер! Дұға ету арқылы бәле-жаладан сақтаныңдар!» деп бұйырған.
Бр күні Иса алейһиссалам асхабымен бір жерге бара жатқанда жолда кір жуып жатқан адамды көріп, сәлем беріп өтеді. Ол жерден біраз алыстағаннан кейін Иса алейһиссалам:
- Қайтарда бұл адамның жаназасына дайын болыңдар,- дейді. Кейін қайтар жолда әлгі адамның тірі екенін көреді. Бұған таң қалған Иса алейһиссалам Жәбрейіл алейһиссаламнан:
- Йа Жәбрейіл! Бұл адамның өлетіні маған білдірілген еді. Алайда өлмепті. Себебі не?- деп сұрайды. Сонда Жәбрейіл алейһиссалам:
- Йа Иса, ол адамның кірлерінің арасында жатқан қара жылан оны шағып өлтіруі керек еді. Бірақ, ол адам садақа беріп, берген садақасының арқасында оның өмірі ұзартылды,- деп жауап берді. Кейін сол адамның кірлерінің арасын қарағанда қап-қара өліп қалған жыланды көреді.
Қорыта айтқанда қабыл болған дұға және садақа келе жатқан бәлені қайтарады. Келген бәлелердің кетуіне, өмірдің ұзаруына себеп болады. Пайғамбарымыздың алейһиссалам хабар бергеніндей: «Садақа бәлені қайтарады және өмірді ұзартады».