Untitled Document

Әдеп-ахлақ... Сөз тасудың зияндары

Сұрақ: Сөз тасудың дініміздегі орны қандай?

Жауап: Екі кісінің арасында тек шындықты айтып сөз жеткізу де сөз тасушылыққа жатады. Егер сөзге өтірік араласатын болса, жала жабуға айналады. Сөз тасушылық дінімізде күнә. Ахиретте жазасы ауыр болуымен қатар, дүниеде де адамдардың араздасуына себеп болады. Сондықтан ел арасында «Тас тасысаңда сөз тасыма» делінеді. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Көре алмаушы, сөз тасушы және палшы болған адам менен емес.» (Табарани)

«Ең жамандарың – сөз таситын, достарының қарым-қатынасын бұзатын және айып іздеп жүретін адам.» (Табарани)

«Сөз тасыған адам – малғұн.» (И.Мәуәрди)

«Сөз тасыған кісі жақсы адам емес.» (Хаким)

«Сөз тасушы адам – уәләди зина (зинадан туылған) немесе зина араласқан тексіз адам.» (Бәйһақи)

«Сөз тасушы қияметте маймыл кейіпінде тіріледі.» (Р.Насихин)

«Сөз тасыған адам жәннатқа кіре алмайды.» (Бұхари)

Бұл хадис шәрифтерде өткен «Жәннатқа кіре алмайды»«Менен емес» деген тіркестер «Тәубе етіп, кешірім сұрамай өлген адам жазасын тартпағанша жәннатқа кіре алмайды» деген мағынаны береді. Егер кешірім немесе шапағат нәсіп болса яки сауаптары көп болып, күнәларынан артық болса, жәннатқа кіреді. Олай болмаса жазасын тартады. Әһли сүннет сенімінде күнә істеген адамға кәпір делінбейді.

Сөйлеушінің сөзін бөлу

Сұрақ: Кісінің сөзін бөлудің діндегі орны қандай?

Жауап: Сөйлеп жатқан адамның сөзін бөлу әдепсіздік болып табылады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Бір дін бауырың сөйлеп жатқанда үндемей тұру мурууәт болып табылады». (Хатиб)

Мурууәт – адамгершілік, ерлік, жақсылық, жомарттық, пайдалы болу деген сияқты мағыналарды береді, яғни жағдайлардың ең жақсысына мән беру деген сөз.