Untitled Document

Сұхбат... Пайғамбарымыздың истиғфары

Пайғамбарымыз алейһиссалам жаратылғандардың ең үстемі болуымен қатар Аллаһу та’аланы ең жақсы таныған және Одан ең қатты қорқатын. Хақ та’ала Оны күнә істеуден сақтаса да Ол әрдайым үздіксіз ғибадат етіп, Аллаһу та’алаға дұға етіп, истиғфар айтатын. Түннің алғашқы уақытында (құптаннан кейін) ұйықтап, соңғы уақытында ғибадат жасайтын.

Ибн Аббас (радиаллаһу анһ) айтады: «Бір түні мүміндердің анасы хазреті Мәймунәнің (радиаллаһу анһа) үйінде қонақта болдым. Расулуллаһ түннің ортасына дейін немесе біраз бұрын немесе кейінгі уақытқа дейін ұйықтады. Сосын оянып отырды, қолымен бетін сипап ұйқысын ашты. Тұрып, ілініп тұрған құманды алып, дәрет алды. «Али Имран» сүресінің соңғы он аятын оқып, намазға тұрды. Мен де тұрып, Расулуллаһ сияқты дәрет алып, Оның қасына барып намазға тұрдым. Расулуллаһ екі рәкат намаз оқыды. Сосын тағы екі рәкат оқыды. Содан кейін тағы екі рәкат оқыды. Сосын үтір намазына тұрды. Содан кейін, бамдат намазының азаны шақырылғанға дейін жатты. Сосын тұрып, тағы екі рәкат намаз оқыды да мешітке барып, бамдат намазының парызын оқыды».

Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) анамыз айтады: «Расулуллаһ алейһиссалам бір түні ұйқыға жатқан болатын. Оянып, «Йа, Айша! Рұқсат етсең бұл түні Раббыма ғибадат жасайын» деді. Сосын тұрды. Құран Кәрім оқып, жылады. Тіпті, аққан көз жасынан екі тізесі су болып кетті. Ол оқуын жалғастыра берді, оқыған сайын мүбәрәк көз жасы денесінің барлығын сулады. Бұл жағдай таңға дейін жалғасты.

Таңертең Біләл Хабаши (радиаллаһу анһ) келіп жағдайды көріп, «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Аллаһу та’ала сіздің өткен және болашақтағы қателеріңізді кешірмеді ме?» дегенінде Расулуллаһ: «Ей, Біләл! Мен шүкір етуші құл болмайын ба, Аллаһу та’ала бұл түні «Көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күндіздің бір-бірінен кейін келуінде ақыл иелері үшін әрине көптеген белгілер, ишаралар бар» деген («Али Имран» сүресі, 189) аяти кәримасын түсірді» деді».