Көзді харамнан сақтау
Сұрақ: Теңіз жағажайында, моншаларда, хауыздарда «бәріміз еркекпіз ғой» немесе «бәріміз әйелміз ғой» деп ерлер ерлердің арасында, әйелдер әйелдердің арасында іш киіммен немесе жалаңаш жүретіндер бар. Бұл күнә емес пе?
Жауап: Адамның ашуы, өзгеге көрсетуі және өзгенің де қарауы харам болған жерлерді әурет жері деп атайды. Ханафи және Шафии мазһабтарында еркектің әурет жерi кiндiк пен тізенің арасы. Малики және Ханбалида тек қана қопал мүшелері, яғни тек алдыңғы және артқы мүшелері әурет болады. Әйелдердің өз араларындағы әурет мүшелері еркектердегі сияқты. Яғни кіндік пен тізенің арасы. Мұсылман әйелдің кәпір және фасық әйелдердің және дінсіз әке-шешенің, аға-інілерінің алдында орануы үш мазһабта парыз. Ханбали мазһабында рұқсат.
Әурет жерін ашу немесе өзгенің әурет жеріне қарау үлкен күнә. Хауызға, моншаға және теңізге шомылатын адамның тізесі мен кіндігінің арасын және тізесін жабуы парыз болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Еркектің кіндік пен тізесінің арасы әурет» (Әбу Дауд).
«Сандар әурет болып саналады» (Бұхари, Әбу Дауд, Тирмизи).
«Үйлердің ең жаманы монша. Онда дауыстар көтеріледі, әуреттер ашылады. Ем үшін немесе кірден тазалану үшін кірген адам жабынып кірсін» (Табарани).
«Аллаһу та’алаға және ахиретке сенетін адам моншаға әурет жерлерін жауып кірсін!» (Нәсаи).
«Әурет жерін ашқан адамға және өзгелердің әурет жеріне қараған адамға Аллаһ лағынет етсін!» (Бәйһақи).
Үйде ешкім жоқ кезде де жалаңаш жүру күнә. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Жалғыз кездеріңде де әурет жерлеріңді ашпаңдар! Өйткені жандарыңнан еш айрылмайтын (қорғаушы періштелер) бар. Олардан ұялыңдар және оларға құрмет етіңдер» (Әшиатул-ләмәат).