Сұхбат... Мәуліттің дұшпаны кім?
Сұрақ: Мәуліт деген не? Кейбір адамдар мәуліт оқуға бидғат деп жатады, осы дұрыс па?
Жауап: Мәуліт – туылған сәт дегенді білдіреді. Мәуліт түні – Рабиул-әууәл айының 11-і мен 12-сі арасындағы түн. Пайғамбарымыздың туған күні бүкіл мұсылмандардың мейрамы.
Расулуллаһ алейһиссалам дүниеге келгенде әкесінің ағасы Әбу Ләхабтың күңі Суәйбә «Бауырың Абдуллаһ ұлды болды!» деп сүйіншілегенінде қуанып «Оған сүт беру шартымен сені азат еттім» деген еді. Осыған орай әр мәуліт түнінде Исламның ең үлкен дұшпаны болған Әбу Ләхабтың азабы жеңілдеуде. Мәуліт түнінде қуанған, ол түнге құрмет көрсеткен адамның өте көп сауапқа қауышатыны осыдан да аңғарылады. Хафыз Мұхаммед ибн Жазари Шафии былай дейді: «Әбу Ләхаб түске кіріп «Жағдайың қалай?» деген сұраққа «Қатты азап тартудамын. Тек әр жылы Рабиул-әууәл айының 12-ші түнінде азабым жеңілдеуде. Расулуллаһ дүниеге келгенде сүйінші алып келген күңімді қуанғанымнан азат еткен едім. Сол үшін бұл түндерде азабым жеңілдейді» деп жауап берді.» Әбу Ләхаб секілді азғын кәпірдің азабы осы күннің құрметіне жеңілдейді де, мұсылманның күнәсі кешірілмейді ме? Бұл ұлы пайғамбардың үмбетінен болған бір мұсылман Ол туылған түнде қуанып, дұрыс жерлерге садақа беріп, ас беріп, пайғамбарға деген сүйіспеншілігін, құрметін көрсететін болса, Аллаһу та’ала оны жәннатына жібереді. (М. Насихат)
Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтып беретін еді. Хазіреті Әбу Бәкір халифа болып тұрған кезінде сахабаларды жинап, Расулуллаһ туылған кездегі ғажайып оқиғалар жайында айтып беретін еді. Бұл кеште пайғамбарымыздың дүниеге келгенінде орын алған таңғажайып оқиғаларды, мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену өте сауапты амал болады. Осы күні немесе ертеңіне ораза тұту үлкен сауап болады.
Ислам ғалымдары мәуліт түніне аса мән берген. Хазреті Мәулана «Мәуліт оқылған жерден бәле-жала кетеді» деген.