Мақала... Ана жүрегі
Мұстафа Өзтүріктің анасы Рәзия Өзтүріктің естелігінен.
- Бірде: «Балам-ай, жер жүзін араладың. Бірақ, анаңа Американы көрсетпедің ғой», – деп қалжыңдағанымда, Мұстафа: «Апа, Американы қайтеміз? Одан да мен сізді Меккеге, қажыға апарайын да», – деген-ді. Бірде ұйықтап жатсам, түннің бір уағында телефон шырылдайды. Көтерсем, ұлым. Қорқып кеттім. Амандығын сұрап жатырмын. «Денім сау, апа. Мен сізді қажыға апарайын деп едім. Құжатыңызды реттеп, дайындап қойыңыз», – дейді. Таңертең Мансұр Тәйжінің Өзтүрік деген баласын ертіп барып, құжатымды алдым. Ел «Мұстафа анасын қажыға апарады екен» деп қуанып жатыр. Сөйтіп отырғанда баламның сүйегі келді. Қалай болды, не болып кетті, ес қалмады ғой. - Қылығының бәрі есімнен кетпейді. Қолымыздан 14 жасында кетті.
Әкесі бірде «Иранға барайық, Ауғанстанға барайық» деді. Қызымыз бірінші сыныпта оқитын. «Бірге жүр» деп едік, Мұстафа ілеспеді. Біз Иранды, Ауғанстанды араладық. Бір ай дегенде үйге қайттық. Келсек, Мұстафа бір қағазды көрсетіп, «Тайваньға кетемін, оқимын» деді. «Алдыңда ағаң, артыңда інің жоқ, жалғызсың. қарындасың болса, кішкентай. Бармайсың» деп жыладым. «Мені ұл ғып неге таптың, апа? Мен де білім алайын, халыққа қызмет етейін» дейді. Әкесі шыдай алмады, қолын жайып, батасын берді. Тоғыз баланы Анкарадан аттандырдық. Ұлым сол топтағы ең кішкентайы еді, бәрі «кішкене Мұстафа» дейтін. Тайваньда он бес жыл оқып, Германияға кетті. Сол жерде үйленді. Қанша сары уайымға салынбайын десем де, ұлым ұдайы есімде жүреді. Ол «келемін» деп алдын-ала хабарламайтын. Алматыдан келіп, есік қаққанын біле қоятынмын. Ұшып түрегелемін. «Апам қанша келі екен, таразыға тартайыншы» деп жас балаша көтеріп алатын. Сол қылығы ойымнан кетпейді.