Untitled Document

Ғибрат... Шәкірттің түсі

Адамдарға тура жолды көрсетіп, шынайы бақытқа қауыштырушы, муршиди кәміл және «сілсілә-и алия» деп аталатын ғұламалар шежіресінің он бесіншісі – хазреті Бахауддин Бұхари 1318 жылы (х.718) Бұхара маңындағы Қасри Арифанда дүниеге келген.

Жүректерге Аллаһу та’алаға деген шынайы сүйіспеншілікті ұялатып, нақш еткендігі үшін «Нақшибәнд» деп аталып кеткен. Бахауддин Бұхари хазреттің Әмір Хусейн атты шәкіртінің айтып бергені:

Мен Қасри Арифанда егін шаруашылығымен айналысатын едім. Бірақ мұсылмандықпен ешқандай байланысым жоқ еді. Өмірім надандықта өтіп жатты. Өмірді ішіп-жеу, жатып ұйықтаудан тұрады деп білетінмін. Бахауддин Бұхари хазрет біздің ауылда тұратын. Көз таныс болатындай жиі кездесіп қалатынбыз. Әр көрген кезінде маған мейіріммен, күлімдеп қарайтын. Бір күні ол кісіні түсімде көрдім. Маған айна беріп: «Мына айнаны алып өзіңе бір қарашы» деді. Айнаға қарағанымда жүзімнің жаман, қорқынышты екенін көрдім. Тіпті өз-өзімнен жиіркеніп кеттім. Сол сәтте оянып кеттім. Ертеңіне тағы кездесіп қалдық. Маған жақындап:

- Түсіңде саған айнаны кім берді?- деп сұрады. Мен:

- Сіз бердіңіз,- дедім

- Сен неге өзіңді жиіркенішті түрде көрдің?

- Білмедім тақсыр, неге олай болды екен?- дегенімде маған:

- Намаз оқымағандығыңнан солай көрдің. Егер намазыңды оқып жүргеніңде айнада өзіңді көркем, келбетті түрде көрер едің,- деді.

Сол күннен бастап намаз оқуды бастадым және мүлдем қалдырмай оқитын болдым.