Untitled Document

Ғибрат... Бұл кітаптарды үйден шығар!

Ачикбаш Махмуд (рахметуллаһи алейһ) Анадолы әулиелерінен. 1600 жылдары өмір сүріп, Бурса қаласында қайтыс болған. Ол бір күні көршісі және шәкірті болған жас жігіттің үйіне қонаққа барады. Үйіне барғанында әлгі жігіттің бөлмесіндегі кітаптарды көріп: 

- Балам бұл кітаптарды үйден шығар, - деп ескерту жасайды. Жас жігіт: 

- Не үшін ұстаз?- деп сұрайды. Ұстазы:

- Ол кітаптардың барлығы зиянды,- дейді.

«Бірақ ұстаз...» дей бергенінде хазреті Махмуд:

- Сен мені тыңда, балам. Бұл кітаптарды үйіңде қалдырма!- дейді. Шәкірті:

- Жарайды ұстаз, бүгіннен қалмайды- деп, айтқанын істейтінін білдіреді. Дегенмен ол кітаптарды қимайды. Ұстазының сөзі жерде қалмасын деп 1, 2 кітапты сол күні түнде тастап, ұйықтайды. Ұйықтауымен-ақ Махмуд хазретті түсінде көреді. Түсінде ұстазы: «Әлгі кітаптарды тастадың ба?» деп сұрайды. Қорқанынан ұйқысынан шошып оянады. Кейін дәрет алып, намаз оқып, қайтадан ұйықтайды. Ұйықтауымен тағы да ұстазын түсінде көреді. Бұл жолы әуелгіден де ашулы күйде: «Әлі тастаған жоқсың ба кітаптарды?» дейді. Қорққанынан төсегінен атып тұрып, кітаптарының барлығын тастайды. Ертеңіне таң ертең есігі қағылады. Есікті ашқанында ұстазы Махмуд хазрет күлімдеп: «Әлгі кітаптарды тастадың, иә?» деп сұрайды. Шәкірт: «Иә, тастадым» дейді. Махмуд хазрет қолындағы кітапты созып: «Ол кітаптардың орнына саған мына кітапты әкелдім. Бұл кітапты әһли сүннет ғалымы жазған. Осы кітаптың өзі жетеді саған» дейді. Кейін жас жігітке насихат айтады: «Балам, кездейсоқ қолыңа түскен 100 кітапты оқығаннан гөрі, дұрыс жазылған бір кітапты жүз рет оқы!»- дейді. Бұл насихат жігіттің жадында сақталады. Іштей қайталап та жүретін болды: «Кездейсоқ қолыңа түскен 100 кітапты оқығанша, дұрыс жазылған бір кітапты жүз рет оқы!»