Тарих... Еуропа қағазбен мұсылмандардың арқасында танысты (2)
Хазреті пайғамбарымыз алейһиссалам күнделікті жазуларды құрманың талшықтарына және жауырындарға, бірақ кейбір хаттар мен келісімшарттарды теріге жаздыратын. Сахабалар ұзақ уақытқа шыдамды және қолжетімді болғандықтан Құран кәрімнің жұқа терілерге жазылуында бір ауыздан келісімге келген. Хазреті Осман дәуіріндегі мұсхафтар киіктің терісіне жазылған еді. Үндістаннан әкелінетін қағаздардың көбейтілуінен бұрын, сахабалар және олардың ізбасарлары жазуларын жапырақтары алынған үлкен құрма бұтақтарына, жауырындардан жасалған тақтайшаларға, маталарға және терілерге жазатын. Ол кезде қағаз бар еді, бірақ аз және қымбат болатын. Хазреті Омар кейде ақшаның орнына қағаз беріп те сауда жасайтын. Халифа Омар бин Абдулазиз Мәдина қаласының әкімі Мұхаммед бин Хамзаға жазған бір хатта былай насихат айтқан: «Қаламыңды жұқарт, сөздерді қысқартып, бір бетке жина, әйтпесе мұсылмандардың қазынасына зиян келтірген боласың». Имам Шафии көптеген жазуларын жауырындарға жазатын. Шатырының іші сол жазулармен толып тұратын. Бұл жағдай халифа Харун Рашидтің халифа болуына дейін жалғасады. Оның заманында қағаз қолдану кең тараған соң, қағаздан басқа нәрселерге жазылмауын әмір етеді.
Қағаз өнерін қытайлар тапқан болса да, оны дамытып, керемет деңгейге жеткізген мұсылмандар болды. 650 жылдары Бұхара және Самарқандта жібектен қағаз жасалынатын. 706 жылы Юсуф бин Омар Хижазда жібектің орнына мақта қолданып, Димашки деп аталатын қағазды жасап шығарады. Содан бірнеше жылдан кейін Мағрибте зығыр және кендір өсімдіктерінен қағаз жасалды. Мұсылмандар 751 жылы Орталық Азияға орналасқан кезде түркі тайпаларынан қытай әдісімен жасалатын қағазды үйренеді.
(жалғасы ертең...)