Untitled Document

Ғибратты оқиға... Атам Құран жаттаған адам еді...

Мешітте имам жамағатқа кешкі уағыз айтып отырған. Бұл жолғы уағыз адам баласы қалай жан тапсырады деген тақырыптың аясында еді. Басқаша айтқанда жақсы өлім мен жаман өлім хақында еді. Уағыздан соң жамағаттың ішінен бір жас жігіт имамның жанына келіп, өзінің басынан өткен бір оқиғасымен бөліскісі келді. Ол оның марқұм атасы жайлы әңгіме болатын. Жігіт: «Атам Құран жаттаған ұстаз еді. Өмір бойы жұртқа дәріс берумен болды. Қартайған шағында бір дертке шалдықты. Атам бала-шағасын танымайтын күйге түсті. Тіпті, ұл-қыздарының да, немерелерінің де атын білмейді. Бірақ толықтай есін жоғалтса да, Құранды ұмытқан жоқ. Бірде-бір аятын ұмытпады. Өзімен-өзі отырғанда күмбірлеп Құран оқитын. Бір күні, сәресі уақыты болуы керек, атам: «Әй, пәленше!» - деп, әкемді шақырды. Ұйқылы-ояу әкем атамның бөлмесіне кіріп барып: «Ау, әке, не қалайсыз?» - деп еді, атам екі көзі бөлменің бұрышында: «Әй, пәленше! Анау сәлде киген ақ киімді екі жігітті көріп тұрсың ба?» - деді. Әкем болса: «Жоқ, ешкімді көріп тұрғаным жоқ» - деді. Сонда марқұм атам «Сен бұдан қаперсіздікте едің, Біз сенен пердені аштық, енді бүгін сенің көзің өткір» деген аятты оқыды. Атамның бұл дүниедегі дәм-тұзы біткен еді. Мұнан кейін атам кәлимасын айтып жан тапсырды», - деп әлгі жігіт әңгімесін аяқтады. Кейін қайта сөзін жалғап: «Өмірін Құран ұстаздығына арнаған адамның ажалы осындай болады деп ойламаппын», - деп өзегін өртеген өкінішін жеткізді. Сонда имам жігітке күлімсіреп: «Бауырым, бұл – үлкен бақыт. Пайғамбарымыз алейһиссаламның: «Мүмин пенде дүниеден ажырап, ахиретке бет алған кезде оған аспаннан жүзі аппақ періштелер түседі. Олардың дидары бейне бір күн секілді. Олар жәннаттан кебін алып және жәннаттан хош иісті су алып келеді де, көз тастам жерге келіп отырады.», - деген сүйінші хабары бар. Сенің атаң Құран жолымен жүрген ізгілерге бұйырған жақсылығымен қауышты», - деді.