Ерiншектен – салақтық,
Салақтықтан – надандық.
Бiрiнен-бiрi туады,
Жоғалар сүйтiп адамдық.
Ерiншек таза жүре алмас,
Кiрi-қоңын жуа алмас.
Харекет жоқ, ғылым жоқ,
Өз бойынан ұялмас.
Жүрейiн десең, тұрғызаp,
Төсекке мойын бұрғызар.
«Аналар да жүр ғой»,– деп,
Бiреудi мысал қылғызар.
Тұрайын десең, жатқызар,
Буынды сүйтiп қатқызар.
Орынды iске кiргiзбей,
Не болса соны шатқызар.
«Мен емес пе сабырың,
Жаныңа тыныш тамырың,
Асықпа‚ – деп алдайды,–
Қазулы ма‚ – деп‚ – қабырың?»
|
«Құдайдың‚ – дейдi‚ – күнi көп,
Асыққан iстiң мiнi көп.
Аз ғана рахат қылсаңшы,
Iстерсiң ертең мұны‚ – деп.
– Осымен-ақ жүре caл‚
Мына бiр жерге-ақ кiре сал.
Бiр жырымың үзiлсе,
Қанжығаңмен iле сал.
Тарамыс қайда, бiз қайда‚
Асығыстан не пайда.
Тiгiп ала қоярсың,
Бiз табылған бiр жайда».
Ораза, намаз келеді,
Оған да ақыл береді.
Кешірер деп құдайың,
Рахыметі күшті деп еді.
Шақырмай-ақ қой азанды,
Кешеді Құдай жазаңды.
Жай оқысаң болмай ма,
Кетіре бермей мазаңды...
|