Untitled Document

2010 жыл Қазақстан ЕҚЫҰ (ОБСЕ) төрағасы

2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының төрағалығын қабылдап, 2010 жылдың 31 желтоқсанында төрағалық міндетін аяқтады. Төрағалық еткен жыл мағыналы іс-шараларға толы болды. Оның бастысы елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің өткізіліп, “Астана декларациясының” қабылданып, ұйымның жаңа белестерге көтерілуі болды.

Шиеленістерді реттеуді ары қарай дамыту аясында Приднестровье проблемасы бойынша бірнеше бейресми кездесулер, Таулы Қарабақ аймағындағы жанжалды реттеуге бағытталған бірнеше іс-шаралар мен іс-сапарлар болып өтті.

Қазақстанның төрағалығы көршілес Қырғызстандағы жағдайды ретке келтіруде маңызды рөл атқарды. Шамамен 20,3 миллион АҚШ долларымен бағаланатын екіжақты негіздегі көмекке қоса, Қазақстан ЕҚЫҰ тарапын Ұйымның бүкіл дипломатиялық потенциалын

жұмылдырды. Конституция жобасына заңнамалық сараптама өткізуге және полицияға ерікті көмекшілер топтарын қолдауға ЕҚЫҰ-ның арнайы қорынан қаржылай көмек көрсетілді. Парламент сайлауы мен конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның бақылауын үйлестіріп, қырғыз полиция қызметкерлерінің кәсіби қабілеттерін арттыру шаралары қолға алынды. Осының бәрі көршілес мемлекеттегі жағдайдың тұрақтануына оң септігін тигізді.
ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығы Арал мәселесіне белсенді көңіл бөлуі БҰҰ мен Еуроодақпен 2010 жылдың желтоқсанында Алматыда бірігіп өткізген донорлық конференцияның сәтті өтуіне себебші болды.

Сонымен қатар, ЕҚЫҰ әр өлшемі бойынша бірқатар шаралар өткізілді. Солардың ішіндегі аса маңыздылары: Қауіпсіздік саласындағы, есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі конференциялар, адам саудасына қарсы Одақтың 10-ыншы отырысы болып өтті. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕҚЫҰ-ға басшылық ету қызметі Литва Республикасына көшті.