Untitled Document

Расулуллаһтың Хазреті Әлиге айтқан өсиеті

Расулуллаһ алейһиссалам бір күні Хазреті Әлиді алдына шақырып мынадай насихат айтты:
«Йа Әли! Сенің маған жақындығың Харун алейһиссаламның Мұса алейһиссаламға болған жақындығындай. Бірақ, менен кейін пайғамбар келмейді. Саған өсиет етемін. Тыңдап есіңе сақтасаң, шүкір етушілерден боласың және шәйіт боласың.  Аллаһу та’ала сені қиямет күні факих және ғалым етіп тірілтеді.

Жадыңа сақта, мүминнің 3 белгісі болады: Намаз оқу, ораза тұту және садақа беру.

Рияшының 3 белгісі бар: Адамдардың жанында намазының руку және сәжделерін толық орындайды, ешкім көрмеген жерде ешбір рүкінін дұрыстап орындамайды. Мақтаған кезде сүйсіне ғибадат етеді. Адамдардың арасында Аллаһу та’аланы көп зікір етеді.

Залымның 3 белгісі бар: Өзінен төмен тұрғандарға қысым көрсетеді. Күші жеткенше халықтың малын, мүлкін қинап тартып алады. Ішіп-жеуінен, киінуінен ешнәрсе аямайды.

Сараңдарда 3 белгі болады: Жанында болған адамның бетіне жағымпазданады. Алыстағанда артынан ғайбат етеді. Өзгенің басына қиыншылық түссе қуанады.

Мұнафықта (екі жүзділерде) 3 белгі бар: Өтірік айтады. Сөзінде тұрмайды. Аманатқа қиянат жасайды.

Жалқауларда 3 белгі болады: Аллаһу та’аланың әмірлерін орындауға ерінеді. Құсырлы, кемшілікпен амал етіп, амалы босқа кетеді. Намазын кейінге қалдырады. Тіпті уақытын өткізіп те жібереді.

Тәубе етушілерде 3 белгі бар: Харамдардан, күнәдан сақтанады. Ілім үйренуде ынталы болады. Күнәға қайта кері қайтпайды.

Ақылдыларда 3 белгі болады: Дүние малына байланбайды. Қиыншылықтарға төзеді. Жоқшылықта сабыр етеді.

Ақымақтардың 3 белгісі бар: Аллаһу та’аланың парыздарына жалқаулық етеді. Мағынасыз, қисыны жоқ сөздерді көп айтады. Махлұқтарға қорлық көрсетеді.

Бағы барлардың 3 белгісі бар: Халалдан жейді. Ілім үйрену жиындарына қатысады. Бес уақыт намазын жамағатпен орындайды.

Жаман амалдылардың 3 белгісі болады: Аллаһтың әмірлерін орындауда жалқаулық танытады. Айналасындағылардың бәріне зияны тиеді. Өзіне жақсылық жасағандарға жаманшылықпен жауап береді.

Күнәһарлардың 3 белгісі бар: Көп жаңылысады және қате жібереді. Ойын, би және музыкамен, әуенмен уақытын өткізеді. Ұмытшақ болады.

Опасыздың 3 белгісі бар: Туған-туысқандарын жазғырады. Көршісіне қорлық көрсетеді. Күнә істеуді жақсы көреді.

Аллаһу та’ала бетін қайтарғандардың 3 белгісі болады: Өтірікті көп айтады. Жалған сөзде көп ант ішеді. Халыққа қиыншылық көрсетеді.

Достың 3 белгісі бар: Мал-мүлкін саған құрбан етеді. Нәпсін саған құрбан етеді. Сенің сырыңды жасырып жүреді.

Кәпірдің де 3 белгісі бар: Дінінде күмәнданады. Аллаһу та’аланың достарын өзіне дұшпан көреді. Раббына мойынсұнбайды және ғибадат етпейді.