Қағба және Мекке (1)
Адам алейһиссалам және Хауа анамыз, жәннатта өздеріне тыйым салынған жемістерді жегені үшін жер бетіне, Хазреті Адам Серендіп аралына, Хауа анамыз Жиддәға түсірілді. Екеуі де жол кезеді. Хазреті Адам көп жалбарынады, көп қиыншылық көреді. 300 жыл жалбарынады. Бір Ашура күнінде Мекке төңірегіндегі Жәбәл-и Рахма тауына шығып, былай жалбарынады:
«Йа Раббым! Ұлым Мұхаммедтің құрметі үшін бұл әкеге мейірімділік ете гөр!»
Дұғасы қабыл болады. Хауа анамыз бен Адам атамыз бір-бірін Арафат алаңында табады. Екеуі де қатты қуанады. Періштелердің жолбастауымен ілгерілеп Мүздәлифа мен Мина үстінен Меккенің орналасқан аңғарына келеді. Дәл Бәйти Мамурдың астына келгенде тоқтайды. Періштелер бір іргетас қалайды. Аллаһу та’ала осы іргетастың үстіне жәннат асыл тастарынан жасалған, бірі шығысқа, бірі батысқа қараған екі есігі бар Бәйт (ғимарат) түсіреді. Бәйтуллаһтың ішінде нұрдан шырақтар жанады. Бұл шырақтардың жақтаулары жәннат алтынынан және айналасында ақ жақұттар бар. Хажер-ул Әсуад тасы осы жақұттардың бірі болып табылады.
Адам алейһиссалам алғашқы тауафын жасағаннан кейін періштелер: «Қажылығың мүбәрәк болсын!» дейді. Адам алейһиссалам қайтадан Серендіпке қайтып, кейінірек 40 рет қажылыққа жаяу келіп кетеді.
Арадан ұзақ жылдар өтеді. Адамдар қатты бұзылады. Тіпті мұғжизаларға күледі, Аллаһқа серік қосады. Әсіресе Нұх алейһиссаламның дәуірінде мүшріктердің азғындықтары шектен асады. Тастан, топырақтан пұттар жасап, соған табынады. Зинақорлық кеңінен жайылады. Адамдар залым, мейірімсіз, тәкаппар және менменшіл болады. Бұл ұлы пайғамбарды тыңдау былай тұрсын, тіпті оны мазақ қылады. Оған сенгендерді балағаттап, зұлымдық жасайды. Сондықтан, Аллаһу та’аланың ашуына душар болады. Жер жүзін үрейлі топан басады. ағбаи Муаззама көкке көтеріледі. Сол күннен кейін тек Хажәр-ул Әсуад қалады. Хажәр-ул Әсуад тасы да адамдардың азғындықтарынан қарайып кетеді. Бірақ Қағба-и шәрифтің іргетасы орнында қалады. Кейіннен келген пайғамбарлар әрдайым ізін тауып, Бәйтуллаһты жаңадан тұрғызып тұрды.
(жалғасы ертең)