Ажырасу шешім емес
Сұрақ: Егер ерлі-зайыптылардың мінездері келіспейтін болса ажырасуға бола ма? Ажырасу күнә ма?
Жауап: Ажырасу шешім емес. Әсіресе ортада бала болса, ажырасқаннан жаманы жоқ. Кемшіліксіз адам болмайды. Мінсіз, кемшіліксіз дос іздеген адам доссыз қалады. Мінсіз жар іздеген адам таба алмайды. Нағыз ерлік кемшілікті адаммен жақсы мәміледе бола алуда, онымен бірге тыныш тату өмір сүре алуда.
Жұбайлар бір-бірінің жаман жақтарына сабыр етулері керек. Хадис шәрифте былай делінеді: «Әйелінің жаман мінезіне сабыр еткен еркек, Әййуб пайғамбардың сабыры үшін берілгендей сауапқа, ал күйеуінің жаман мінезіне сабыр еткен әйел Асияға берілгендей сауапқа қауышады.» (И. Ғазали)
Ұрыс-керістерде кінәні өзімізден іздеуге тырысу керек. Менікі дұрыс дегенмен ештеңе ұтпаймыз. Керісінше жоғалтуымыз мүмкін. Кез келген отбасыда қиыншылықтар, жанжалдар болуы мүмкін. Мінсіз (идеальный) адам табу мүмкін емес. Сондықтан тұрмыс құрған кезде келеңсіз жағдайларға да дайын болу керек және сабыр ете алу керек.
Ажырасу күнә емес. Бірақ Аллаһу та’ала халал да болса талақты жақсы көрмейді. Пайғамбарымыз былай деген: «Аллаһу та’аланың мүлдем жақсы көрмейтін халал нәрсесі талақ (ажырасу).» (Хаким) Сабыр ету керек, мәмілеге келіп, ұрыспауға тырысу керек.
Еліміздегі ажырасулар
Статистика агенттігінің мәліметі бойынша 2010 жылы Қазақстанда 144 357 отбасы заңды некеге тұрып, олардың 40 982-сі ажырасқан. Аталмыш мәлімет бойынша Алматы, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бір жылда некеге тұрған әрбір үшінші ерлі-зайыпты ажырасатын болса, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш екі есе төмен, онда әрбір алтыншы неке ажырасып жатады екен.