Жаман мінез және одан құтылудың жолдары (1)
Жаман мінез және одан құтылудың жолдары (1)
Хадис шәрифте: «Мінездеріңді жақсартыңдар!» делінген. Мінезді өзгертуге болатындығы үшін осылай делінген. Жаман мінездердің алпыс түрі белгілі. Әрбір мұсылман көңілінен барлық жаман мінездерді шығарып, орнына жақсы, көркем мінездерді орнықтыруы керек. Жаман мінездің барлығы үшін ортақ шара – бұлардың не екенін, зияндарын, пайда болу себебін, терісін және оларға жасалатын шараның пайдасын білу болып келеді. Кейін бұл ауруды өзінде іздеу, табу өзіне диагноз қою керек. Мұсылман – мұсылманның айнасы. Адам өзінің кемшілігін көруі қиын. Сондықтан сенімді досынан сұрап кемшіліктерін білсе болады.
Адамға дұшпандарының айтқан сөздері де, өз айыбын, кемшілігін білуіне себеп болады. Өйткені дұшпан, адамның айыбын іздеп, бетіне басады. Ал жақсы достар айыбын көрмейді. Біреу хазреті Ибраһим Әдхамға келіп айыбын, кемшілігін айтуы үшін жалынады. “Сен досымсың. Барлық халің, әрекеттерің маған әдемі көрінеді. Кемшілігіңді басқалардан сұра” дейді. Біреудің кемшілігін, жаман қылығын көргенде оны өзінен іздеп, өзінде бар болса, одан құтылуға тырысу да жаман мінезден құтылудың шараларына жатады. «Мұсылман – мұсылманның айнасы» хадисінің мағынасы да осы. Яғни өзгенің айыбынан, кемшілігінен өзінің кемшілігін көру. Иса алейһиссаламнан “бұл көркем мінезді кімнен үйрендің?” деп сұралғанда, «Адамдарға қарадым, ұнамаған мінездерді алмадым, ұнағандарын амалға асырдым» дейді. Лұқман Хакимге «Әдепті кімнен үйрендің?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерден» деген екен. Сәләф-ус-салихиннің (алғашқы үш ұрпақ мұсылмандар), сахабалардың, әулиелердің “рахметуллаһи та’ала алейһим әжмаин” өмір-баяндарын, бастарынан өткен ғибратты оқиғаларын оқу да жақсы мінез-хұлықты болуға себеп болады.