Жаман мінез және одан құтылудың жолдары (2)
Жаман нәрсе жасап қойғанда артынша риязат жасау, яғни нәпсіге қиын келетін нәрсені жасауды өзіне әдет ету де жаман мінезден құтылуда пайдалы. Мәселен бір жамандық жасасам пәлен теңге садақа беремін немесе ораза тұтамын, түнде тұрып намаз оқимын деп ант етуі керек. Нәпіс мұндай қиын нәрселерді жасамау үшін бұларға себеп болатын өзінің жаман әдеттерін жасамайтын болады. Жаман мінездің зияндарын оқу, есіту де пайдалы шара. Хадис шәрифтерде былай делінді:
«Аллаһ алдында жаман мінезден үлкен күнә жоқ.» Себебі адам оның күнә екенін білмейді. Білмегені үшін тәубе етпейді. Жасаған сайын күнәсы қат-қат көбейе береді.
«Адамдардың еш тартынбай, қысылмай жасайтын күнәлары – жаман мінезді болу.»
«Ыстық судың мұзды ерітетіні сияқты, жақсы мінез де қателерді ерітеді. Сірке суы балды бұзатыны сияқты, жаман мінез де жақсылықтарды жояды.»
«Құлдың ғибадаттары көп болса да, жаман мінездері оны жаһаннамның түбіне апарады, кейде күпірге апарады.»
«Мінезі жақсы адам дүние және ахирет бақытына қауышады.»
«Ғибадаты аз болған құл, қияметте жақсы мінезімен жоғары дәрежелерге қауышады.»
Жақсы мінезді болу үшін және мінез-хұлқын сақтай алу үшін, салих және жақсы мінезді адамдармен дос болу керек. Хадис шәрифте «Адамның мінезі, досының мінезі сияқты болады» делінген. Мінез – ауру сияқты жұқпалы болады. Жаман мінезді адаммен дос болмау керек. Пайдасыз нәрселерден, ойындардан, әбес қалжыңдардан және дауласудан аулақ болу керек. Ілім үйреніп, пайдалы нәрселермен шұғылдану керек. Мінез-хұлықты бұзатын және шәһуатты оятатын ұятсыз, жаман кітаптарды оқымау керек және мұндай радио, теледидар көрсетілімдерінен сақтану керек. Жақсы мінездің пайдалары, харамның зияндары және жаһаннам азаптары әр уақытта есте болу керек.