Untitled Document

Хайбәрдің алынуы

Яһудилер, пайғамбарымыздың өміріне қастандық ету себебімен мекендерінен шығарылады, Арабстанның солтүстік жағына кетеді. Бұлардың бір бөлігі Хайбәрде қалып сол жерде қоныстанады. Бірақ мұсылмандарға деген жек көрушілік, ашу-ыза және кек сезімдері сөнбеген еді. Хайбәр 8 мықты қамалы, құнарлы егістіктері, бау-бақшалары молшылықта болған бай қала еді.

Сүйікті пайғамбарымыз Хайбәрге баруға шешім қабылдайды. Хайбәрдің ең мықты қамалдарының бірі болған Натат қамалының маңына келіп, таң намазын оқытып, дайындықтарын бітірген соң мүжаһидтерді шабуылға жібереді. 200 атты әскер және 1600 жаяу әскер бар еді. Яһудилерге мұсылман болуларын немесе бағынып хараж бен жизйа салығын төлеулерін немесе соғысып қан төгілетінін білдірді. Ислам әскерінің бұл ұсынысына Яһудилер оқ атып жауап берді. Қамал мұнараларында тұрған Яһудилерге мұсылмандар бірден «Аллаһу әкбар!..» деген ұрандарымен оқ жаудырды. 10 000-нан астам Яһуди әскері қамалдарынан оқ атып жатты. Осылайша 5 күн өтті. Бір кезде Яһудилердің қамал есіктерін ашып шабуылға кіріскені байқалды. Сол күні және ертеңіне де Хайбәрдің алдында ауыр қақтығыстар болды және Хайбәрдің ең үлкен қамалы болған Натат қамалы алынды. Осы қамалдың алынуында байрақты көтерген хазреті Әли асқан батырлық және үлкен қаһармандық көрсетті.

Хайбәрдің қалған 7 қамалы бірінен соң бірі құлатылғандықтан, амалсыз қалған Яһудилер бейбіт келісімге келуді ұсынды. Пайғамбарымыз бұл ұсынысты қабылдап, мына шарттарды қойды:

1) Бұл соғыста соғысқан Яһудилердің қандары төгілмейді.
2) Хайбәрден кететін кезде өз бала-шағаларын және қажетті үй заттарын алып кете алады.
3) Қалған мал-мүліктің барлығы (сауыт, қылыш, қалқан, садақ, оқ-жебе, мата, алтын, ат, түйе, қой және т.б.) мұсылмандарға өтеді.

Қолға түскен олжаның есебі жоқ еді. Хайбәрдің құнарлы жерлері, құрма баулары түгелдей мұсылмандардың иелігіне өтті.