Мұндай ғашықтық болған емес (2)
Сүйікті жұбайы үшін Йамуна өзені жағалауында бір кесене тұрғызу үшін Стамбулдан бір сәулетші шақыртты. Сәулетші Синанның шәкірті, әрі Сұлтан Ахмет мешітін салған сәулетші Иса мырза жіберілді. 1632 жылы Таж махалдың іргетасы салынып, күніне 20 мың адам жұмыс істеп, 22 жылда бітірілді. Ражистаннан әкелінген таң шапағымен қызғылт түске, күндіз ақ шаққан, түнгі ай сәулесімен күміс түске боялатын мөлдір ақ мәрмәр, жақұт, лағыл, алмас, зүбаржат, ақық, көгілдір ақық тастары және інжу маржандармен безендірілді. Кесененің ішкі және сыртқы дуалдарын айналдыра Ясин сүресі қара ақық жазуларымен мәрмәрдің ішіне ойылып жазылған. Бұрыштарға зілзаладан құласа ғимаратқа зиянын тигізбесін деп сыртқа қарай иілген төрт мұнара салынған. Кесененің есігі 33 метрлік тұтас мәрмәр. Сол жағында көрнекті мешіт, оң жағында осыған симметриялы орналасқан қонақ үйі бар. Хауыздармен безендірілген бақшалар және қызыл тастан жасалған сыртқы есік адамның басын айналдырады. Ағылшын басқыншылығы кездері ашкөзді бір ағылшын әкімі осы тамаша ғимаратты сатуға шығарған болса да, биржа нарығындағы кризис себебінен сатып алушы табылмады.
Шах Жихан өзі үшін де Таж Махалдың жанынан қара түсті осыған ұқсас бір ғимарат салдырғысы келген кезде, қазынаны үлкен шығынға ұшырататын бұл қалауына бөгет болу үшін баласы Алемгир Әуренгзиб оны тақтан түсіріп, Агра қамалында тұруға мәжбүрледі. Шах Жихан еш қарсылық білдірмеді. Өмірін, сегізбұрыш формалы болғаны үшін Мусеммен Бурч деп аталатын бөлмеде ешкіммен көріспей, Таж Махалға қараумен өткізді. Өлер кезінде де төсегінде алдына айна қойдырып Таж Махалға қарауын жалғастырды. Қайтыс болғанда жұбайының жанына жерленді. Қазір екі ғашық, дауыс жеті рет шағылысатын бір бөлмеде мәңгі ұйқыда жатыр. Әлемнің жеті бұрышынан келіп жатқан сансыз зияратшылар (туристтер) осы көрнекті ғашықтықтың екі қаһарманын еске алуда. Бүкіл дүние 4 ғасыр бұрын ғылым, сана-сезім, еңбек және кемеңгерлікпен соғылған бұл тамаша құрылыстың алдында таңданыспен бас июде.