Untitled Document

Амал - иманның бөлігі емес (2)

Сұрақ: Күнә істеген мұсылмандарға кәпір деуге бола ма?

Жауап: Күнә істеген мұсылмандарға кәпір деуге болмайды. Өйткені, әһли сүннет сенімі бойынша адам күнә істеумен кәпір болмайды. Кейбір адасқан топтағылар күнә істеген адамға, өздеріндей ойламаған мұсылмандарға кәпір деп айтып адасуда. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Мұсылманға кәпір деген адамның өзі кәпір болады.» (Бұхари)

Мұсылманмын деп “шәһадат кәлимасын” айтқан адамға кәпір делінбейді. Бір соғыста шәһадат кәлимасын айтқан біреуді өлтірген адамға пайғамбарымыз (алейһиссалам): «Кәлимаи шәһадат айтқан адамды не үшін өлтірдің?» дейді. Әлгі адам «Ол тілімен айтты, жүрегімен қабылдамады.» деді. Сонда пайғамбарымыз: «Сен оның жүрегін жарып көрдің бе?» деп оны жазғырды. Сондықтан мұсылмандарға кәпір деп айтудан сақтану керек.

Әмір Темірдің ұстанымы

Ілімді, ғалымдарды жақсы көрген және Исламға көп қызметтері сіңген Әмір Темір алғашқы соғыстарының бірінде дұшпан тарапынан қатты тойтарыс алады. Әмір Темір шатырына кіріп бұл мәселені қалай шешуге болатынын ойланып отырып шатыр матасымен жоғары қарай өрмелеп бара жатқан құмырсқаны көріп, бір шертіп жерге түсіреді. Тағы ойға шомып отырғанында әлгі құмырсқаның тағы да өрмелей бастағанын көреді. Оны қайтадан жерге түсіреді. Бірақ біраздан кейін тағы да сол көрініс қайталанады. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанғаннан кейін Әмір Темір қолын маңдайынан алып «Мәселенің шешімін таптым. Мұны маған құмырсқа үйретті. Жетістікке жетудің жалғыз шарасы нәтиже алғанға дейін сабырлықпен еңбек ету» деп, бұдан кейін өмір бойы осы ұстанымынан қайтпады.