Untitled Document

Мусхафтың тарихы (1)

23 жыл бойы түскен Құран кәрімнің аяттарын саны 42 ге жеткен уахи катибтері (пайғамбарымыздың әмірімен Оған келген уахилерді жазып жүрген сахабалар) қағаз, мата, сүйек қаңқалары, тері сияқты нәрселерден не тапса, соған жазатын. Пайғамбарымызбен сахабалары оны жаттап алатын. Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде сахабалардың басым бөлігі Құран кәрімді толығымен жатқа білетін еді. Хазреті Әбу Бәкірдің халифалығы заманында мүртәдтар бастаған Йамама соғысында Құран кәрімді жатқа білетіндерден (қарилардан) жетпіс адам шәһид болған кезде, хазреті Омар алаңдап халифаға Құран кәрім аяттарын бір кітап етіп жинақтау керек деген  өтініш білдірді. Әуелі «Пайғамбарымыз жасамаған істі мен қалай істеймін?» деген хазреті Әбу Бәкір, кейінірек мәселенің маңыздылығы мен қажеттілігіне көзі жетіп, уахи катибтерінің алдыңғы қатарлыларынан болған Зәйд бин Сабиттің басшылығымен бір алқа құруын әмір етті. Құрамына хазреті Осман, Әли, Талха, Ибн Мәсуд, Убәй бин Қа’б, Халид бин Уәлид, Хузәйфа және Салим (алейһимурридуан) қатысқан он екі адамдық бұл сахабалар алқасы хазреті Омардың үйінде жиналып, қолда жүрген барлық Құран кәрім беттерін жинақтады. Сондай-ақ сахабалардың жатқа білген аяттары да тыңдалды. Әр сахабаның оқыған аятына екі куәгер қойылды. Осылайша бүкіл аяттар бір кітап күйінде жинақталды. Әр аяти кариманың орны және қай сүреге тиесілі екендігі хазреті Жәбрейілдің тәліміне және пайғамбарымыздың ишарасына сүйенілді.

Жазуының әдемілігімен танымал болған Саид бин әл-Ас бұларды бөкеннің терісіне жазды. Бұл жерде қолданылған жазу – адамзаттың тарихындай ескі тарихы бар және сол кездері Хижазда қолданылған араб жазуы болды. Бұл жазу пайғамбарымыз тарапынан да қабыл етілген. Ислам жазуы екендігіне сахабалардың ижмасы (ауызбірлігі) бар. Жазылған нұсқа жалпылық бір жиналыста Сахабаларға оқылды. Қарсылық білдіргендер болмады. Осылайша, Ибн Мәсудтың ұсынысымен Мусхаф аты берілген кітап пайда болды. Мусхаф – беттер деген сөз. 33 мың сахаба Мусхафтың әр әрпінің өз орнында екенін ауызбірлігімен растады. Кейін бұл мусхаф хазреті Омарға тапсырылды. Өлімінен кейін қызы және пайғамбарымыздың жұбайы болған хазреті Хафсаға өтті.