Untitled Document

Қазыбек би

Келдібекұлы Қазыбек би (1665-1765) – мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан. Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында аянбай тер төгеді. Ресей, Бұхара, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге де араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған, аразды татуластырып, алысты жақындастырып отырған. Қазақтың үш жүзін бір хандыққа қаратып, оның орта жүзінің тізгінін берік ұстаған беделді биі, әділ қазысы.

*** *** ***

Қазыбек беріде елге белгілі болған кезінде бір балаға дауласып екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің бірі:

–Мына баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым, соны мынау әйел тауып алды ма, әлде әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді, - дейді. Екінші әйел тұрып:
–Бала өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасып тұр,- дейді. Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін:
– Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, - дейді де, баланың екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны ұстап көтеріп тұрып: «екеуіңе қара қылдан қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма?» - дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:
–  Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! – деп безеріп тұрып алады. Ал баланы таныған әйел:
– Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де тірі болсын, шаба көрмеңіз! – деп безек қағады. Содан барып Қазыбек:
– Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірілігін тілеп тұр, баласын өзіне бер,- деп билік айтады.