Жақсы және жаман мінездер (1)
Йа, Аллаһ, білушісің өзің көріп,
Жараттың адам қылып төзім беріп.
Жараттың жақсылық пен жамандықты,
Таңда деп, қойдың ақыл-сезім беріп.
Біреудің өзі ілгері, сөзі ілгері,
Біреудің қызығарсыз көзін көріп.
Адамзат жақсылықты іздеп тапса,
Жамандық жатады екен өзі келіп.
Йа, Аллаһ мейірің кең теңіз екен,
Жақсылық жамандықпен егіз екен,
Жаман мінез 60 түрлі болса егер,
Ал жақсылық жетпісте сегіз екен.
Түсірме қу малғұнның жетегіне,
Бас қойдыр жақсылықтың етегіне.
Айтылған жоғарыда мінездердің,
Негізгі тоқталайын жетеуіне.
Біріншісі күпірлік, Дінсіздік, сенбеу Аллаға.
Келесісі бидағат, шариғатты бұрмалап,
Түсіру теріс арнаға.
Үшіншісі кібір дер, өзімшілдік, менмендік.
Төртіншісі рия, мақтану, өзін көрсету,
Өзіне мықты сенгендік.
Бесіншісі хасад дер, қызғаныштық, күншілдік,
Алтыншысын бұхыл дер, дүние құмар тоғышар,
Шектен шыққан сараңдық.
Ең соңғысы исраф, мақтанып шектен асқандық,
Аллаһтың берген нәсібін, орынсыз жерге шашқандық.
(Жалғасы ертең)