Untitled Document

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы

Ұлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) Шығыс Қазақстан Облысы Абай ауданында дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Абай шығармашылығының тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. 

*** *** ***

Бірде Абайды Оразбайдың озбырлары сабапты деген хабарды естіп төрт арыс – арғын, найман, керей, уақтың игі жақсылары жиналып барып, Абайды қорғап, жақтап сөйлей бастағанда, бірден суырылып Бегеш:

– Абай мырза, ерге жара түйін деген. Ит арамды, тентек құдайды танымайды. Сіз жалғыз тобықты үшін ғана ұл емес едіңіз. Орта жүздің арысы едіңіз. Көктің қоңыр бұйра нарындай, көктемдегі жауындай жақсымыз едіңіз. Ала өкпелердің қолы тиді деп естіп келдік. Көштің байсал тапқаны – көкорайға қонғаны, даудың байсал тапқаны – төрешіге барғаны. Отқа салып қанша өртесең де алтын, сірә, жез болмас, аяққа шұлғау қылсаң да асыл жібек бөз болмас. Білім – бақтың қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы. Талай жан бар ауызбен аспандағы айды алады, қолымен қосаяқ та соға алмайды. Ұстазынан, жақсысынан айрылса  ел не таппақ? Сағымдай құбылып, сабындай бұзылып, іріп-шіріп  жоғалады да. Абай сияқты есті, ақылды адам надан еліне бола қалпынан айрылса не болмақ? Рұқсатыңды бер, тентегіңді тыюға келдік, - депті. Сонда Абай:

– Әй, Бегеш-ай. Шешендікпен қиыстырып айтасыз-ау? Қаділет пен қасірет бар емес пе? Қаракүйенің дәні болғанша, бидайдың сабағы бол. Жаман қауымның жақсысы болғанша, жақсы қауымның жаманы бол десе не дер едіңіз? Жамандықты жолым деп кеткен Оразбайға айтқан сөз суға жазғанмен тең. Мені бір ит қапты ғой. Қапқан иттен өш аламын десем, мен де ит болғаным ғой. Айыпты әпермеңдер, аяғыма жықпаңдар, -деп тоқтайды.