Ата-анаңды мұра үшін емес, Құдай үшін бақ (1)
Бәни Исраил заманында салих бір кісінің үш ұлы болады. Бір күні бұл кісі ауруға шалдығып, ары қарай өмір сүруінен үміт үзіледі. Ұлдарының ең үлкені інілерін шақырып:
– Ей бауырларым, әкеміз өте ауыр халде, оған бір адам қарауы керек. Бірақ, оған қарау, қызмет ету де өте ауыр және қиын. Әкеміздің көп мүлкі бар. Менің сендерге айтар ұсынысым – әкеміздің мүлкін сендер алыңдар, ал қарауды маған қалдырыңдар,- дейді. Інілері ағасының ұсынысына қарсы келмей қабыл етеді, мүлікті өзара бөлісіп, әкеге қарау қызметін ағаларына қалдырады. Үлкен ұлы салих болғандықтан әкесіне қызмет етуді өзіне берілген ниғмет, ғанимет және ғибадат деп біледі де әкесіне соңғы деміне дейін қызмет етеді. Бірақ оның бұл ісінен әйелі наразы болады және мирастан да өз үлесін алмағандықтан айқай-шу шығарады. Ол болса әйеліне:
– Ей ханым, мен әкеме мұра үшін емес, Аллаһ разылығы үшін қызмет етіп жүрмін және әкемнің игі дұғасын (батасын) алғым келеді. Ал игілік сендер ойлағандай мал-мүлікте, мансапта емес. Адамның мүлкі көп болып, бірақ мүлкінің берекесі болмаса, ол мүлікте не қайыр бар? Қайыр тек берекеде,- дейді. Бір күні осы үлкен ұлға түсінде:
– Пәлен жерге барсаң, сол жерде жүз алтын бар. Осы алтынды алып өзіңе нәпақа ет! - делінеді. Үлкен ұл болса:
– Ол алтында береке бар ма? – деп сұрайды. Жауабында:
– Жоқ, ол алтында береке жоқ. – делінеді. Бұл жауапқа жігіт:
– Берекесі болмаған нәрсенің маған керегі жоқ,- деп жауап береді және бұл көрген түсін әйеліне айтады. Әйелі, түсінде білдірілген алтындарды барып алмағаны үшін оған тағы да ашуланып, аузына келгенін айтады.
(жалғасы ертең)