Пайғамбарымыздың хижреті
Сафар айының 27-сіне бейсенбі күні пайғамбарымыз бен Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) біраз азық алып, Мәдинаға қарай хижрет етті. Жолда Сәур тауындағы үңгірде үш күн болды. Үңгірге кірерде хазреті Әбу Бәкір «Аллаһ үшін ішке кірмеңіз. Мен кірейін, ол жақта зиянды нәрсе бар болса маған тисін» деп ішке кірді. Ішті сыпырып тазалады. Оң жағында, сол жағында ірі-ұсақты тесіктер бар еді. Шапанын жыртып, тесіктерді бітеді, бірақ біреуін жабуға мата жетпей ашық қалды. Хазреті Сыддық ол тесікті өкшесімен жауып, әлемдердің сұлтаны болған пайғамбарымызды ішке шақырды. Расулуллаһ алейһиссалам ішке кіріп, басын Әбу Бәкірдің тізесіне қойып ұйықтады. Сол кезде хазреті Әбу Бәкірдің аяғын жылан шағып алды. Пайғамбарымыз оянып кетпесін деп қозғалмай отыра береді. Бірақ, көзінің жасы пайғамбарымыздың бетіне тамған кезде «Не болды, Әбу Бәкір?» деп сұрады. Хазреті Әбу Бәкір аяғыммен бітеген тесіктен аяғын жылан шағып алғанын айтты. Пайғамбарымыз Әбу Бәкірдің жарасына түкірігін жаққан кезде ауырғаны басылып, жазылып кетті.
Расулуллаһ алейһиссаламмен Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) іште болған кезде мүшріктер іздеріне түсіп, үңгірдің алдына дейін келеді. Үңгірдің аузына өрмекшінің тор салғанын және екі көгершіннің ұя салғанын көріп, Күрз бин Алқамә «Осы жерден із үзілді» деді. Кәпірлер «Егер олар мұнда кірген болса өрмекшінің торы жыртылуы керек еді» дейді. Кейбірлері «Осы жерге дейін келдік, үңгірге бір адам кіріп көріп шықсын» дегенде Үмәййә бин Халәф «Сендерде ақыл бар ма? Ант етейін, бұл өрмекші бұл торды Мұхаммед туылмастан бұрын өрген» деді. Мүшріктер есіктің аузында тартысып тұрғанда хазреті Әбу Бәкір іште отырып «Йа, Расулуллаһ! Өзім үшін қорықпаймын, сізге бірдеңе бола ма деп қорқамын. Мені өлтірсе бір ғана адаммын, ештеңе өзгермейді. Сізге бір зиян келетін болса бүкіл үммет құриды, дін құлайды» деді. Пайғамбарымыз «Йа, Әбу Бәкір! Қорқпа. Күмәнсіз, Аллаһу та’ала бізбен бірге» деді. Мүшріктер сыртта өзара сөйлесіп, ішке қарамай кері қайтты.