Untitled Document

Әйеліммен тіл табыса алмаймын

Әйеліммен тіл табыса алмаймын
Бір күні хазреті Мәнсур бин Аммарға жақында үйленген шәкірті келеді. Көңіл-күйі түсіңкі еді. Әулие кісі халін түсініп:
– Тыныштық па балам, көңілсіз көрінесің?
– Иә, ұстаз, әйеліммен тіл табыса алмай жүрмін. Мінезі өте шатақ, мен де қызуқандымын. Сол себепті ажырасуды ойлап жүрмін.
– Олай етпе балам. Ажырасудан сақтан!- дейді. Сосын басын төмен түсіріп, тәфәккур еткендей болып, басын көтереді де: «Ұлым, жүрегім сенің көп өміріңнің қалмағанын сезетін сияқты» дейді. Сонда жігіт қобалжып:
– Қалайша, ұстаз? өте аз ба? қаншалықты өмірім қалды?
– Өкінішке орай, үш айдай қалды, балам,- дейді.
Осыдан кейін жігіт аянышты күйде үйіне қарай беттейді. Сол күннен бастап әйелімен мүлдем ұрыспай, тату-тәтті өмір сүреді, құдды “періштедей” болған еді. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Өлім – ең үлкен насихатшы.» Міне, бұл да соның бір мысалы...

Бала тәрбиесі...
· Баланың кейбір қателіктерді жасауы қалыпты нәрсе. Дереу оны жазаландыруға асықпай, кешірімді болу керек.
· “Сен адам болмайсың”, “жалқаусың” деген секілді жазғырулар баланың өзіне деген сенімділігін азайтады және өзекті мәселелердің алдында шешім қабылдай алмауына себепші болады.
· Балалар үлкендерге өте қатты еліктейді. Сол үшін үнемі оларға жақсы үлгі болу керек.
· “Бар, ана жаққа!”, “Бар, далаға ойна!”, “Мазамды алма!”, “Әкесі әкетші мына балаңды!” деген секілді тек сол мезеттегі жеке бастың тыныштығы ойланылса, бұл құтылыс жолы емес. Өйткені сол нәрсе ертең де, оның арғы күні де қайталанады. Балаға өткіншіл емес, тұрақты сақталып қалатын жақсы тәрбие беру керек.