Untitled Document

Стресс сабағы

Профессор студенттеріне стресс туралы сабақ өтуде. Стаканға су толтырып тыңдап отырғандардан сұрады:

“Қалай ойлайсыңдар, мына су толы стаканның ауырлығы қанша?”

20 мен 500 грам арасында деген жауаптар берілді. Одан кейін профессор былай деді:
Нақты ауырлығы маңызды емес. Бұл ауырлық, стаканды қолда қанша уақыт ұстап тұра алатыныңа қарай өзгереді. Егер мен бұл стаканды бір минут ұстап тұратын болсам, ештеңе ете қоймас. Бірақ бір сағат ұстайтын болсам, оң қолымның ауырып, талатыны анық. Егер бір күн бойы ұстап тұратын болсам, онда жедел жәрдем шақыруға тура келеді. Көріп тұрғанымыздай сатаканның ауырлығында еш қандай өзгеріс болған жоқ. Бірақ кез келген жүкті қаншама ұзақ ұстап тұрсаңдар, ол сендерге соншалық зілдей келеді.

Егер проблемаларымызды әрдайым алып жүретін болсақ, ақыры бір күн көтере алмайтын жағдайға келеміз. Бұл бір ғана жүктің ауырлығы барған сайын көбейіп, одан да ауыр бола бастайды. Демек, бұл проблеманың шешімі,  стаканды қойып, бір мезет демалған соң қайта алу. Үйге қайтқанда, жұмыстағы проблемаларды сыртта қалдырыңдар! Үйге алып кірмеңдер! Үйде сол проблемадан арылып, демалған соң ертең қайта қолға алуға болады...

Дүние сүйіспеншілігі

Имам Ағзам бір күні шәкірттеріне сабақ беріп жатқанда бір адам келіп:  
– Саудаға жіберген заттарыңыз артылған кеме суға батыпты,-дейді. Бұл хабарды естіген имам біраз тұрып, «әлхамдулилләһ» дейді. 
Біраздан кейін тағы бір адам келіп:
– Мырза бір қателік болыпты, ол кеме сіздің кемелеріңіз емес екен,-дейді. Имам біраз ойланып, «әлхамдулилләһ» дейді. Шәкірттерінің бірі қызығушылықпен екі хабарға да неге «әлхамдулилләһ» дегенін сұрайды. Хазреті Имам Ағзам:

– Батты деген хабар келген кезде жүрегімді тыңдадым. Ешқандай қынжылу байқалмады. Хабардың қате екенін естігенде де жүрегімді тыңдадым. Ешқандай қуаныш сезімін байқамадым. Екеуіне де «әлхамдулилләһ» деу себебім дүниелік нәрселерге жүрегімде ешқандай сүйіспеншілік жоқ екенін түсінгендіктен,- дейді.