Untitled Document

Ашура түнінде оқылатын дұға

Хадис шәрифте былай делінген: «Кімде-кім мухаррам айының алғашқы күнінде төмендегі дұғаны 3 рет оқыса, Аллаһу та’ала ол адамды келесі мухаррам айына дейін барлық бәле-жаладан сақтайды:

Әлхамдулилләһи Раббил-аләмин. Уассалату уәссәламу ала сәйидина Мухаммадин уә ала алиһи уә сахбиһи әжмаин. Аллаһумма әнтәл-әбадиул-қадим, әл-хайул карим, әл-ханнан, әл-мәннан. Һазиһи сәнәтун жәдидәтун. Әсәлука фиһәл-исмәтә минәшшайтанирражим, уәл аунә ала һазиһиннәфсил-әммарати биссуи уәл-иштиғалә бимә юқаррибуни иләйкә, йа зәл-жәлали уәл-икрам, бирахматикә йа әрхамаррахимин. Уә саллаллаһу уә сәлләмә ала сәйидина уә нәбиинә Мухаммедин уә ала алиһи уә сахбиһи уә әһли бәйтиһи әжмаин».

Шахабиддин Сухрауарди былай дейді: «Кім бұл дұғаны ашура күні (мухаррам айының 10-шы күні) 3 рет оқыса, өлімнен де қорғайды. Өйткені, сол жылы өлетін адамға қандай да бір себеппен бұл дұғаны оқу нәсіп болмайды».

 

Ашура күні мен түні

Бүгін мухаррам айының тоғызыншы күні. Мухаррамның оныншы күні ашура күні, тоғызыншы күні мен оныншы күні арасындағы түн «ашура түні» деп аталады. Мухаррам айы  – Құран Кәрімде құрметтелген төрт айдың бірі. Ашура түні – осы айдың ең қадірлі түні. Аллаһу та’ала кейбір дұғаларды ашура күнінде қабылдайтынын айтқан. Бүгін кез-келген дәмді тағам пісіру, кедейлерге садақа беру сүннет, ғибадат болады. Бұл күндері ораза тұту өте сауапты іс. Тек оныншы күні емес, бір күн бұрынғы немесе бір күн кейінгі күнмен бірге тұтылады. Исламда аза тұту деген нәрсе жоқ.

Хадис шәрифтерде былай бұйырылды: «Аллаһу та’ала ашура күнін жоғары қойған. Аллаһу та’ала көктерді, жерді, тауларды, теңіздерді, жұлдыздарды, аршты, періштелерді, Адам пайғамбарды ашура күні жаратты. Ибраһим пайғамбардың дүниеге келуі және Нәмрудтың отынан құтылуы ашура күні болды. Ибраһим пайғамбарға баласының орнына сою үшін үлкен қошқар осы күні түсірілді».

«Ашура күні азғана садақа берген адамға Аллаһу та’ала Ухуд тауындай сауап береді».

«Ашура күнінің оразасы бір жылдық өткен күнәлардың өтеуі болып табылады».