Жалғыз жүреді, жалғыз өледі
Сахабалардан болған хазреті Әбу Зәрр Ғифари баяндайды:
«Расулуллаһ Тәбук сапарына шыққан кезінде менің өте әлсіз және жүре алмайтын бір түйем бар еді. “Бірнеше күн түйеме азық беріп қуаттандырамын да, кейінірек Расулуллаһқа жетіп аламын.” деп ойладым. Түйеме бірнеше күн жем бердім. Сосын жолға шықтым. Бір жерге келгенімде түйем шөгіп, жата қалды да, орнынан еш тұрмай қойды. Сосын заттарымды арқаладым да, аптаған ыстық күннің астында Тәбук тарапына қарай бет алдым. Алыстан менің бейнем көрінген кезде, сахабалар: «Йа Расулаллаһ! Жалғыз және жаяу бір адам келе жатыр» депті. Пайғамбарымыз: «Ол келе жатқан Әбу Зәрр Ғифари шығар» депті.
ахабалар: «Шынымен де Әбу Зәрр Ғифари!» деп таңданды. Расулуллаһтың алдына бардым. Орнынан тұрып: «Қош келдің, Йа Әбу Зәрр! Рахаттық пен қуаныш Әбу Зәррдікі болсын, жалғыз жүреді, жалғыз өледі және жалғыз тіріледі» деді.
Кейін, шынында Әбу Зәрр-ил-Ғифари хазреттері Рабза дейтін шөлді жерде орналасады. Расулуллаһтың айтқанындай сол жерде жалғыз өмір сүріп, жалғыз қайтыс болады.
Хазреті Ибн Мәсуд былай деген:
Әбу Зәрр Ғифариді Рабзада жалғыз өзін қайтыс болған күйінде таптым. «Пайғамбарымыздың айтқаны орындалды» дедім.
Хазреті Мүстақса да былай деген:
«Рабзада Әбу Зәрр Ғифаридің қабірін зиярат еттім. Оның қабірінен басқа сахабалардың қабірінде болмаған, бір ерекше әсер таптым. Қабірінің жанында намаз оқыдым. Басымды сәждеге қойған кезде қабірінің топырағынан мұрныма жұпар иістер сезілді.»