Untitled Document

Мақала... Берекелі байлықтың құпиясы

Екі аяқты, жұмыр басты пенденің барлығы ризығының мол болғанын қалайды. Әрекет етіп, берекетін Аллаһтан сұрайды. Ептеп адам бай болмас, маңдайға құдай бермесе деген бабаларымыздан қалған сөз бар. Ризық несібені беретін де, мөлшерін маңдайға жазатын да серігі жоқ, Жалғыз Жаратушы Жаббар Иеміз.
Толағай табыстың иесі болғың келсе ата-анаңды қуант, батасын ал. Ата-анаңның ботасын емес, батасын ал. Бота өліп қалады, батадан бағың жанады-деп бабалар бекер айтпаған. Байлық та, береке де сол баталы бақтың ішінде.
Бауырларыңа деген бауырмалдығыңды арттыр, ағайыныңа деген ара қатынасыңды түзе. Сонда сен іздеген ризық-несібе өзі-ақ қуып келеді артыңнан.
Аллаһу та’аланың жұмыр жердегі ең сүйікті пендесі өз ата-анасына құрмет көрсеткен, бауырларымен ағайын-туысына ізет көрсетіп, қамқорлық жасаған адам.
Себебі пенде әуелі өзін жарылқауы керек. Берекелі байлықтың иесі болғың келсе, осы құпияларды іске асыр.

Тойымсыз көз

Жар басында балық аулап отырған бір кісіге хан келіп:

-Дәл қазір қармағыңа не ілінсе, соның салмағындай мал-дүние беремін, -дейді.
Көп уақыт өтпей балықшының қармағына әбден кеуіп кеткен қу сүйек ілінеді.

-Несібеңе жеп-жеңіл сүйек ілінді, амал бар ма,
кеттік, - деп балықшыны сарайына алып келеді де, таразының бір басына сүйекті, екінші жағына дүние мүлікті қоя бастайды. Қанша алтын салса да, қу сүйек былқ етпейді. Мынаның сырын түсінбеген хан ақылгөйін алдырып сұраса:

-Бұл адамның көз шұңқырының сүйегі, -депті данышпан.

-Сіз таразыға бар байлығыңызды салсаңыз да, бұл сүйекті қозғалта алмайсыз.
Өйткені, адамның көзі ешқашан тоймайды. Оны тек топырақ қана тойдырады.
Мұны естіген хан сүйектің үстіне бір уыс топырақ салса, таразының басы жоғары көтерілген екен.