Untitled Document

Сұхбат... Зинаның зардаптары

«Зинаға жақындамаңдар. Расында ол – азғындық және жаман жол» (Исра сүресі, 32 аят).

«Зинақор зина жасағанда иманды мүмин болмайды, ұрлықшы ұрлық істеп жатқанда иманды мүмин болмайды, арақ ішуші арақ ішіп жатқан кезде иманды мүмин болмайды», – деген (имам Бұхари, Мүслим). Зинақорлық – пендені иманынан айыратын, адамның адамгершілігіне сызат түсіріп, қоғамды іштей бұзып, арсыздықтың жайылуына себепкер болатын үлкен күнә. Сондықтан да адамзат тарихындағы кез келген қоғамда, барлық заманда зинақорлық арсыздық деп танылып, оны жасаушыларға ауыр жазалар белгіленген. «Мал сақтама, ар сақта», «Малым – жаным садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ халқы да зинақорлыққа, арсыздыққа баруды ауыр қылмыс деп білген. Тәуке ханның «Жеті жарғысының» 4-жарғысы зинақорлыққа арналып, онда «Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын» делінген. Құнанбай қажы осындай арсыз іске барған Қодар мен оның келіні Қамқаны жұрт көзінше ауыр жазалауы да ата-бабаларымыздың зинақорлыққа қаншалықты қатаң қарағандығын көрсетеді. «Уа, адамдар! Зинақорлықтан сақтаныңдар! Расында оның алты түрлі салдары бар, үшеуі осы дүниеде, ал үшеуі ахиретте. Дүниедегісі: адамның көркін кетіреді, кедейлікке тап қылады һәм ғұмырын қысқартады. Ал ақыреттегісі: Аллаһтың қаһарына, есебінің жаман болуына һәм тозақтың отына душар етеді», – деген. Жүсіп Баласағұн бабамыз:

Кедей емес, бай болуды көздесең –

Зина қылып ел арасын кезбе сен, – деп зинақорлық дүниеде адамды кедейлікке душар ететіндігін айтқан. Зинақорлықтың дүниедегі жазасы жайында Аллаһ елшісі (алейһиссәләм) тағы бір хадисінде: «Қандай да бір қауымда арсыздық пайда болып әрі ол жария түрде жүзеге асып жатса, онда олардың арасында оба сынды олардың ата-бабалары көрмеген түрлі дерттер тарайды», – деген (имам Ибн Мәжә).

Қазіргі уақытта күллі адамзаттың мәселесіне айналып отырған әрі әлі күнге дейін емі табылмаған ЖҚДБ (СПИД) індетінің таралуы да некесіз қатынастың салдарынан туындап отырғаны белгілі.