Untitled Document

Сұхбат... Дос ақысы

Мұсылманның міндеттерінің бірі дос ақысына мән беру. Бұл тұрғыдан үнемі салих және жақсы адамдармен достық құру керек. Өйткені жаман дос өте зиянды. Барлық жамандықтардың басы жаман дос болып табылады. Жаман дос дүниеде де, ақыретте де бақытсыздыққа ұшырауға себепші. Бақытсыздыққа тап болмау үшін дос таңдауда мұқият болу керек. Адамның діні досының дініндей, адамның бақыты және пәлекеті де достық құрған адамға байланысты. Дос таңдауда мынандай маңызды қасиеттерге көңіл бөлу керек:

1) Иманды және ақылды болу керек.

2) Жақсы мінезді.

3) Жаман істерге қол ұрмайтын

4) Өтірік айтпайтын болуы керек.

5) Сараң болмауы керек.

Үш түрлі дос бар. Біріншісі; тағам сияқты, ол әр қашан қажет. Екіншісі; дәрі-дәрмек сияқты, оған кейде мұқтаждық сезіледі. Үшіншісі: ауру сияқты, адам оны қаламаса да оған жармасады.

Шынайы дос - тағам сияқты, әр қашан оған мұқтаж боласың. Бұл адал, салих және пайдалы достар. Осындай адамдармен достасу үшін тырмысу, іздеп табу керек. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ): «Жақсы досы болмаған адам, оң қолы жоқ адамдай» деп айтқан.

Адамның өміріндегі ең жақсы жетістіктерінің бірі, адал және сенімді адамдармен дос болуы. Адал дос, бітпейтін, таусылмайтын қазына іспеттес. Сенімді дос, өмірде кездесетін әр түрлі  жағдайлар мен қиыншылықтарда көмекші болады. Дос ақысын сақтау, өте маңызды міндет. Досыңа мал-мүлікпен және мүмкін болғанша әр түрлі жағдайлармен көмектесу керек. Достың сырын сақтап, кемшіліктерін жасыру керек. Қиын жұмыстарды тапсырмау керек. Қиналған кездерінде оған көмектесіп, көңіл-күйін көтеруге тырысу керек. Оған әр қашан адал және қолдаушы болу керек. Әр түрлі қиын жағдайларды шешуде көмектесіп, күнә жасауда кедергі болып, басына түскен қиыншылықтарда оған жәрдемші болу керек.