Салт-дәстүр... Қалау
Дос-жаран, тамыр-таныс, құда-жегжат, ағайын-туыс дегендей көңілі жақын адамдар бір-бірінен ұнатқан нәрселерін қолқа салып сұрап, «бәленшекең түгенін берсін, көзіндей көріп ұстап жүрейін» дегендей өтініш сөздер айтып қалап алады. Құрбы-құрдастар «бізден де бір есесі қайтар» деп базынаға сүйеп қалауын алып кетеді. Қалайтын заттың түрі, әрине көп. Жүйрік ат, қыран бүркіт, күміс белдік, мүйіз шақша... деп кете береді. Яғни, ұнатқан затын қалайды.
Қалаудың біз білетін бірнеше түрі бар. Бірінші, қалаушы адам алатын затының иесіне құр қол бармай, қалаған нәрсесіне лайықты бағалы тарту-таралғы апарады. Тарту-таралғыны көбінде сол үйдің кенже баласына немесе басқадай сүйікті, ардақты деген біреуіне арнап апарады. Үй иесі сұңғыла, жөн-жосық білетін адам болса мұндай тарту-таралғымен келген қонаққа бірден «Қалауыңызды айтыңыз?» деп көшелілік танытады. Мұндайда қалауы бар қонақ «менің қалауым осы еді» деп сұрайды. Әрине қалаған заты беріледі.
Ал қалаудың келесі бір түрі алыстан ат арытып келген сыйлы қонақтан, ағайыншылап келген тұқым-жұрағаттан, қыздың жасауын әкелген құдалардан, төркіндеп келген қыздан аттанар алдында «қалауыңыз не?» деп сол ауылдың иелері, көбінесе жасы үлкендері сыпайылап сұрайды. Келген қонақ көңілге алғаны болса айтады және аса бір аяулы зат, сетер мал болмаса діттегенін алып қайтады. Өз балаларына арнаған бәсіре ат бола ма, әйтпесе ата-бабасынан қалған құнды мұра, қимас жәдігер бола ма сондай аса аяулы затын бере алмаса, үй иесі соған татитын басқа бір мал немесе зат атап, қалайда қалаушыны құр қол қайтармауға тырысқан, оның меселін қайтаруды мін санаған. Әрине, «айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды» дегендейін қалаушы да буынсыз жерге пышақ ұрмайды.
Дәстүрлі қазақ қоғамында жиен нағашысынан үш ретке дейін көңілі түскен нәрсесін (жүйрік ат, қыран құс, алғыр ит, берен мылтық, т.б.) қолынан қалап алуға ерікті болған.