Әдеп-ахлақ... Қоғамдағы әдептілік
Сұрақ: Қоғамдағы жүріс-тұрысымызда қандай әдептіліктерге мән беруіміз керек?
Жауап: Мұсылман - әдепті, тәртіпті, сыпайы, жылы жүзді болуы керек. Әдеп дегеніміз жақсы тәрбие, адамдармен жақсы мәміледе болу, көркем мінезді, ар-ұяттылық, сыпайылық, көркемдік деген сөз. Әдеп – ешбір ұры ұрлай алмайтын құнды қазына. Әдеп – адам мен жануарды ажырататын айырмашылық.
Хазреті Омар: «Әдеп – ілімнен бұрын келеді» деген. Ислам ғалымдарынан хазреті Ибн Мубәрәк: «Барлық ілімдерді білетін адамның әдебінде кемшілік бар болса, онымен көріспегеніме өкінбеймін, мұны өзіме зиян деп білмеймін. Бірақ әдепті адаммен көрісе алмасам өкінемін» деген.
Әдеп қағидаларының біршамасы мыналар:
Көшеде: Далаға түкіру, қоқыс тастау, өткен-кеткенге жол бермеу, жиіркенішті лас нәрселер қалдыру – әдепсіздік болып табылады. Қарт, әйел және науқас адамдарға әрдайым жол беріледі. Мұқтаждықтары бар болса көмек беріледі.
Жүрген кезде: Өте баяу немесе өте жылдам және тәкаппарланып жүрмеу керек. Құран кәрімде «Лұқман» сүресінің 18-ші аятында: «Тәкаппарланып жүрме!» деп бұйырылған.
Жолда үлкен кісімен немесе ғалыммен бірге кетіп бара жатқан адам, оның алдында және сол жағында жүрмейді. Оң жағында жүреді.
Қоғамдық көліктерде: Мініп-түсетін кезде қағып-соғу, итеру, кезекке тұратын жерлерде кезегін күтпеу дөрекілік болады. Жастар үлкендерге және ауру адамдарға орын береді. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Үлкендерін сыйламаған адам бізден емес» деп бұйырған. (Тирмизи)
Көпшілікті жерлерде: Үйлену тойы, жаназа және айт мейрамдарында аса сезімтал, нәзік және сыпайы болу керек. Орнына, уақытына қарай лайықты мәміледе, көңіл-күйде болу керек. Жаназада жаназа иелерінің қайғысына ортақ болу керек. Оларға материалдық және рухани көмектер атқару керек. Көңілін жұбататын сөз және мәміле жасалады. Жақын туыстарын жоғалтқан адамдарға бұрынғыдан да жақын, жылы мәміледе болу керек.